Л.Н.Толстой атындағы Қостанай ОӘҒК сирек қоры
Кез келген кітапхананың жұртқа көрсетіп, олардың алдына тосатын дүниесі олардың қорлары екендігі белгілі. Құрылғанынан бергі уақытта Л.Н.Толстой атындағы ОӘҒК ауыз толтырып айтарлықтай басылымдарды жинап үлгерді.
Қостанай ОӘҒК сирек қорының тарихы 1977 жылдың 26 сәуірінен бастау алады, бұған ҚазКСР еңбек сіңірген кітапханашысы А.П.Вертинскаяның «Ленинский путь» газетіндегі шағын хабарламасы куә бола алады. Онда оқырмандарға кітапханада жаңадан «Сирек кітаптар» бөлімінің ашылатындығы жайында хабарланып, ол тарихи, ғылыми және көркемдік тұрғыдан құнды болып табылатын әдебиеттермен жабдықталатын болады делінген.
Қазіргі таңда сирек кітаптар қорында қазақ, орыс және украин тілдерінде басылған 2180 баспа өнімі жинақталған және келесідей коллекцияларға бөлінген:
1) кириллица қарпімен жазылған кітаптар,
2) қалпына келтірілген басылымдар,
3) әдебиет, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің көздері тірісінде басып шығарылған басылымдар,
4) сирек кездесетін өлкетану басылымдары,
5) мерзімді басылымдар,
6) шағын көлемді басылымдар,
7) қолтаңбалары бар кітаптар,
8) Ұлы Отан соғысы жылдары шығарылған кітаптар.
Қазіргі уақытта кітапханада XVII – XIX ғасырларда көне кириллица қарпімен шығарылған 7 кітап бар. Бұл негізінен литургия, дін ілімі, дінді уағыздау бағытындағы басылымдар. Оның ішінде 12 томдық «Великие Четьи Минеи» кітабының «майский» томы сақталған (1646 ж.). Оған ежелгі орыс әдебиетінің шығармалары – мерекелер, әулиелердің өмірі жайындағы аңыздар, өсиеттер, қасиетті әулиелердің шығармалары енгізілген.
Кириллица қарпімен шығарылған тағы бір басылым – 1778 жылғы «Святая боговдохновенная книга» («Альфа және Омега») кітабы. Онда інжілдік жазбалар, уағыздар, апокалипстік ілімдер, пайғамбарлардың айтқандары жинақталған. Былғарымен қапталған кітап металл тиекпен жабылады және оның беттерінің бүйірлеріне кітапты оқушыға қандай да бір дұғаның немесе уағыздың басын көрсететін матаның түрлі түсті қиындылары жымдастырылған.
«Псалтырь» да біршама жақсы сақталған. Оның былғарымен тысталған мұқабасындағы алтын жалатылған кресті анық көруге болады. 1808 жылы шығарылған кітапты 150 мінәжат пен діни әннен тұратын құдайға құлшылық ету құралы деуге болады.
Кітапханамыздағы әдебиет классиктерінің, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің көздері тірісінде шығарылған басылымдар коллекциясы мақтан етуге тұрарлық дүниелер. Оның ішінде А.Н.Майков (1893 ж.) поэзиясының үш томдығы, Г.Гауптманның 3 томдық шығармасының толық жинағы (1908 ж.), А.Ф.Маркстың баспаханасында басылған А.П.Чеховтың шығармалар жинағының атақты екінші басылымы ерекше құнды дүниелер болып табылады.
Осы коллекцияда Л. Андреев, В. Короленко, Г. Сенкевичтің және А. Франстың көзі тірісінде жарық көрген шығармалары да сақтаулы. Сондай-ақ А.Чеховтың журнал бетіне шыққан алғашқы жарияланымдарының бірі «Ионыч» әңгімесі де осы бөлімде тұр.
Қостанай қаласының 110 жылдығы құрметіне Алексеевтар отбасы қолдарындағы Л.Каменевтің редакциясымен шыққан В.И.Лениннің барлық шығармалар жинағын (1922-1924 жж.) және В.И.Лениннің 1925 жылғы шығармалар жинағын кітапханаға тарту етті.
Ғылыми қызметкерлермен бірлесе отырып Мәскеуде негізін қалаған ағайынды Гранаттардың жеке баспасынан шыққан энциклопедиялық сөздігі оқырмандар тарапынан қашан да сұранысқа ие. Энциклопедиялық сөздік 1891 жыл мен 1948 жыл аралығында жеті рет басылып шықты. Басылымның толық өңделген, 58 томнан тұратын жинағының жетінші томы біздің қорда сақтаулы.
Ағайынды Гранаттардың сөздіктерінен басқа кітапханада революцияға дейін танымал болған Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігі де бар. Біздің кітапханамызда 86 томнан тұратын бұл тамаша басылымның 82 томы бар. Осы баспа «Ұлы жазушылар кітапханасы» сериясын шығарумен де айналысты. ОӘҒК осы серия бойынша шыққан Байрон, Шекспир, Пушкин кітаптары бар.
Көркем және энциклопедиялық басылымдардан басқа сирек қордың сөрелерінен А.Э. Бремнің «Жизнь животных», А. Форельдің «Половой вопрос» (1907 ж.), профессор В. Сиверстің редакциясымен шыққан «Южная и Средняя Америка» (1896 ж.), доктор Г. Гельмольттың жалпы редакциясымен шыққан 9 томдық «История человечества» (1899 ж.) кітаптарын, В.И. Дальдің түсіндірме сөздігін (1882 ж.) де көруге болады.
Ресейдегі крепостнойлық құқықтың жойылғанына 50 жыл толуына арналып шығарылған алты томдық «Великая реформа» да қызықты басылымдардың бірі болып табылады. Көп томдық А.И. Дживелегов, С. П. Мельгунов, В.И. Пичеттің редакциясымен И. Д. Сытинның баспаханасында шығарылды.
Олардың ішінде «Изборник Святослава» 1073 ж, «Остромирово Евангелие» (1056-1057 жж.), «Юности чест¬ное зерцало» 1717 ж., «Киевская псалтырь» 1397 ж. және т.б. басылымдар бар.
Сирек қорда баспа өнерінің жауһарлары болып табылатын кітаптар да бар. Олардың қатарына «Слово о полку Игореве» кітабын да жатқызуға болады. Кітапты палехтік шебер И.И. Голиков безендірген. Кітаптың мұқабасы, оның безендірілуі – лакпен өңделген палехтік шағын безендірулер. «Царская охота на Руси» кітабы да осылай ерекше безендірілген. Бұл Н.Кутеповтың билік басындағылардың ермектері мен аңшылығы жайындағы тарихи очеркі. Басылымды В.М.Васнецов, В.И.Суриков, А.Н.Бенуа, В.А.Серов, А.П.Рябушкин секілді танымал суретшілер безендірген. Кітап өнерінің тағы бір жарқын үлгісі – «Хожде-ние за три моря Афанасия Никитина». Кітап Д.Н.Буторин мен Б.М.Немтиновтың суреттерімен безендірілген.
Бізде аз болса да қызықты деуге болатын ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде шыққан мерзімді басылымдар (журналдар) коллекциясы жиналған. Олар ХІХ ғ. басылымдары: “Библиотека для чтения”, “Вестник воспитания” (1909 ж.) ғылыми-көпшілік журналы, “Дело” (1876 ж.) әдеби-саяси журналы, “Русское богатство” әдеби-ғылыми журналы, ХХ ғ. бас кезіндегі басылымдар: “Вестник знания” безендірілген әдеби және ғылыми журналы, “Вестник иностранной литературы” әдеби-тарихи журналы, А.Ф.Маркстың безендірілген әйгілі “Нива” (1905 – 1908 жж.) журналы, “Почвоведение” ғылыми-агрономиялық журналы, “Пробуждение” (1906 ж.) әдеби-көркем журналы, кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы басылымдар: “Антирелигиозник” ғылыми-әдістемелік журналы және т.б.
Шағын көлемді басылымдар біздің коллекциямызда ерекше орынға ие. Шағын көлемді басылымдардың көркемдігі, әсемдігі, өзгелерден ерекшелігі көрген адамды таң қалдырары сөзсіз.
Біздің қорымыздағы ең көлемі шағын кітап – «Ленин о Толстом», оның көлемі 40 x 55мм. Кітап жеке қорапшада сақталады және арнайы бетбелгімен жабдықталған. Көлемінің шағын болғанына қарамастан аталған кітапқа орыстың ұлы жазушысы туралы орыс және ағылшын тілдерінде төрт мақала енгізілген. Коллекциядағы көркемдік жағынан ең тартымдысы Әлішер Науаидің сыйлыққа арнап шығарылған басылымы болып табылады. Кітап шығыс үлгісінде безендіріліп, парақшаларына алтын жалатылған.
Бізде Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ және орыс тілдерінде шығарылған тарих, өнер, құқық, әскер ісі жайындағы кітаптар мен көркем әдебиет сақтаулы тұр.
Оның ішінде 1941 жылы Алматы баспасынан жарық көрген отансүйгіштік тақырыбындағы «Жорық жыры» өлеңдер жинағы, А.Рабиновичтің «Девятая симфония Бетховена» концертіне арнап 1941 жылы Ленинградта шығарылған жолсілтеме, А.П.Суетовтың редакциясымен 1943 жылы шығарылған «Условные знаки военно-топографических карт» қалта анықтамасы, 1945 жылғы наурызда Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан шыққан «Туркменская литература» даму туралы жазылған очерк және т.б. бар.
Сирек қорда орыс, қазақ және украин тілдерінде жазылған, авторлардың қолтаңбалары қойылған және олар сыйға тартқан 180-нен астам кітап бар. Аталған коллекцияға біз Қостанай облысының жерінен шыққан өзіміздің жерлес авторларымыздың қолтаңбалары, сондай-ақ әдебиет саласындағы көрнекті тұлғалардың қолтаңбалары қойылған кітаптарды жинақтадық. Бұл жазушылар Қостанайдағы біздің кітапханамызда өткен шығармашылық кездесулерге, конференцияларға, онкүндіктерге қатысқан кісілер болып табылады. Олардың ішінде Ш.Айтматов, Л.Аннинский, Н.П.Щеголихин, М.Айтқожина, М. Хәкімжанова. К.Сәрсекеев, М.Д.Симашко, облысымыздың тумалары А.Шаяхмет, П.Черныш, С.Шәкібаев, Ж.Баязид, С.Досанов және басқалар бар.
Кітапхана үшін тарихи-өлкетану жұмысы бағытындағы басты міндет – өңіріміздің даму тарихы жөніндегі білімді сақтау. Өлкетану бағытындағы сирек басылымдар коллекциясында кітап және мерзімді басылымдар қойылған. Солардың арасында Қазақстан Республикасының тарихи мұрасы деуге тұратын 1897 жылы шыққан «Переселенцы-арендаторы Тургайской области» кітабы да бар. Бұл А.Кауфманның есеп беру кітабы, өзінің статистикалық-экономикалық еңбектері үшін ол Императордың географиялық қоғамының Үлкен алтын медаліне ие болды. Кітапта алғашқы жалгерлердің он ауылының шаруашылық жағдайлары мен жерді пайдаланулары және Қостанай мен Ақтөбе қалаларының пайда болулары туралы мәліметтер келтірілген.
Біздің өлкетанушы-зерттеушілеріміз өз жұмыстарын атқару барысында сирек қордың көмегіне жиі жүгінеді, әсіресе И.Грушиннің 1922 жылы шыққан “История Жиляевского восстания”, 1923 ж. шыққан “Отчеты Губернского комитета РКП(б)”, 1915 ж. шыққан “Отчет Львовского опытного поля Тургайской области Кустанайского уезда”, 1922, 1923, 1924 ж. шыққан “Известия Кустанайского Губернского комитета” секілді басылымдар ерекше сұранысқа ие.
Соңғы жылдары кітапхана өлкетану басылымдарын оларды пайдалану кезінде бүлдіріп алмау мәселесі бойынша тұрақты жұмыс істеп келеді.
Қазіргі кезде бұл басылымдар бүліну үстінде, уақыт тезіне ештеңе шыдаған емес, қағаздар бұзылып, омырылғыш бола түседі, соған қарамастан оларға деген сұраныс еш кеміген емес.
Заманауи жаңа технолгиялардың өмірге келуі түпнұсқаның мәтіндерін электронды тасығыштарға көшіруге мүмкіндік беріп, сирек қордың пайдаланушыларын арттырды және кітаптардың түпнұсқаларын сақтауға жағдай жасады.
Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың көмек көрсетуімен біздің басылымдарымыз сандық нұсқаға көшірілді. Қазіргі таңда сандық нұсқаға көшірілген 54 басылым бар.
Өлкетану – кітапхана жұмысындағы басты және басымдық берілетін бағыттардың бірі. Біздің әрқайсымыздың кіндік кескен жеріміздің бар екендігі белгілі және біз өзіміздің шыққан жерімізді ешқашан есімізден шығармауға міндеттіміз. Өткен өмірсіз болашақ болмақ емес. Егер біз өркениетті қоғам орнатқымыз келетін болса, тарихымызды бір сәтке де ұмытпауымыз қажет. Кіндік кескен жерін бағалау және сүю – адамдықтың белгісі болуы тиіс.
Кітапхананың барлық жұмысы туған жерге деген махаббатқа, осы жердің тұрғындарына деген сүйіспеншілікке, туған өлкесіне деген мақтанышқа толы. Біз өткенімізді зерделеп, тарихымызды танып жатқан кезімізде ұрпақтар байланысы ешқашан үзілмек емес.
Кітапхана ұзақ жылдар бойы өңірге қатысты дүниенің барлығын жинаумен және сақтаумен айналысып келеді. Қорлар бір ұрпақ үшін ғана қалыптастырылмайды, сондықтан да мұндай бірегей материалдарды болашақ ұрпақ үшін де сақтаудың маңыздылығы орасан зор. Осылардың барлығын, қағаздың мәңгілік еместігін, тарихи құжаттарға деген қызығушылықтың жоғарылығын ескере келіп барлық кітаптар сандық түрге ауыстырылды, яғни электронды қалыпқа көшірілді және олардың толық мәтінді нұсқалары пайдаланушыларға ұсынылды.
Назарларыңызға ұсынылып отырылған бейнеролик кітапхана мен оның өлкетанушылық жұмысын жарнамалау ғана емес, сонымен қатар бұл оқырмандарға кітапхананың бай өлкетану қорын көрсету, облысымызда 1896-1914 жылдар аралығында орын алған Қоныс аудару саясатын қамтитын туған өлкенің тарихымен таныстыру болып табылады.
Сирек кітаптар қорының өлкетану басылымдары бойынша
жолсілтеме
Құрметті
оқырмандар!
Л.Н.Толстой
атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана «Сирек кітаптар қорының өлкетану
басылымдары бойынша жолсілтемені» ұсынады.
«Жолсілтемеде»
Облыстық кітапхананың раритет кітаптары жинағынан алынған өлкетану басылымдары
жинақталған және олардың әрқайсысы туралы ақпарат берілген. Аталған іргелі еңбек өлкетанушыларға, сонымен
қатар туған өңіріміздің тарихын тереңірек білгісі келетін көпшілікке арналған.
Осы «Жолсілтемені» құрастыру бойынша бірлесе
атқарған жұмысы үшін тарих ғылымдарының кандидаты, Қостанай мемлекеттік
педагогикалық институтының қашықтан оқыту факультетінің деканы Сергей Владимирович
Самаркинге ерекше алғысымызды білдіреміз.
Өлкетану әдебиеттері бөлімі
Бөлім меңгерушісі – Нұрмағамбетова Алматай Тойманқызы
Мекенжайы: Қостанай қ.
Алтынсарин көш., 111
Тел.500-322
Е-mail:olke.qostanay.ounb@mail.kz