Қараша, желтоқсанмен сол бір – екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай... деген Ұлы Абай. Ызғыған күн райының сықырына қарамай Қостанайлық зиялы қауым ұлы тұлғаны еске алуға жиналды. Жерлесіміз, ақын, драматург, қазақ прозасы жанрында өзіндік бояуымен із қалдырған, қазақ әдебиетінің классигі Бейімбет Жармағамбетұлы Майлиннің 120 жылдық мерейтойы облыстық кітапхананың түрлі бағыттағы іс-шараларымен есте қалды. Теміржол вокзал алаңындағы ескерткішке өңірдің танымал тұлғалары Ғ.Ахметчин, С.Оспанов, Қ.Орманов, Н.Мұқатов, Ғ. Бердалинова, А.Шаяхмет, Н.Жәрімбетова, Н.Құлабаев, А.Маудановтар және Қостанай гуманитарлық колледжінің студентері мен БАҚ өкілдері гүл шоқтарын қойып, Майлиннің шығармалары тыңдалды. ҚР жазушылар одағының Қостанайдағы филиалдың басшысы Ғұмар Ғарифұлы жыл бойы ұйымдастырылған Майлинтану бағытындағы шарларға өз бағасын беріп, жазушылар одағының 80 жылдығында айтылған мәселелермен бөлісті. Сол сияқты қатысқан қонақтардың барлығы Би-ағаның адами қатынасы, ұстаздығы, шығармаларындағы көркем образдардың өміршеңдігін баса айтты. Ақын С. Оспановтың Б.Майлиннің әйелі Күнжамал апаймен жеке таныстығы, ол кісінің нақақтан жала-жабылып, халық жауларының туыс-туғандарымен АЛЖИР түрмесінде көрген қиыншылықтары еске оралды. Би-ағаның мол мұрасының абыройы одан әрі де молая берсін, бірнеше ұрпақ тәрбиеленген прозасы жасай берсін деген тілектермен шара өз мәресіне жетті.
|