Мүгедектер күні қарсаңында (қазанның екінші жексенбісі) 10 қазанда жиналыс залында мүмкіндіктері шектеулі жігіттермен – ағайынды Аңқауовтармен кездесу болып өтті.
Жігіттердің Интерьер дизайны бойынша «Arlan Design» авторлық студиясын құрғандарына үш жыл толып үлгірді және бұл кітапхана қабырғасында ұйымдастырылып отырылған бірінші кездесу емес.
Кездесу басында Бағылан электронды көрсетілімнің көмегін пайдалана отырып студия туралы айтып берді, кездесуге келгендерді атқарылған жұмыстармен таныстырып, өздері қатысқан республикалық фестивалдар мен көрмелер жайында әңгімеледі және алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиналыс залының алдындағы фойеде дизайнер-суретші Арлан Аңқауовтың суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ол кездесуге келген, сәндік-қолданбалы өнерді үйренгісі келетін жастарға арнап шеберлік сыныбын өткізіп, оларды өзінің студиясына шақырды. Оның шәкірттерінің бірі тәлімгерлеріне алғысын білдірді.
Ағайынды Аңқауовтардың төртеуі де Миопатия Дюшенна Эрба-Рота ауруымен ауырады, алайда өмір сүруге, сұлулыққа деген құлшыныс бір сәтке де жоғалған емес. «Сұлулық - әлем тірегі» деп түсінетін олар шығармашылықпен белсенді айналысып келеді және алдағы жоспарлары да айтарлықтай.
Мұндай кездесулер жұртшылықтың назарын мүгедектерге аударуға көмектеседі деп сенеміз, себебі барлық қиындықтарға қарамастан олар өмірден түңілген емес, керісінше сау адамның қолынын келмейтін көркем дүниелерді өмірге әкеліп, ұлттық өнердің дамуына елеулі үлес қосып келеді.