Сүйінкина Биялаш Балтақызы
07.03.2024
Сүйінкина Биялаш Балтақызы 1951 жылы 10 желтоқсанда Қостанай облысы Науырзым ауданының Науырзым ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Балта Сүйінкин – Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Науырзым мемлекеттік қорығында қорықшы болып жұмыс істеген, анасы Сәлима Сүйінкина үй шаруасындағы әйел болған.
1968 жылы Биялаш Балтақызы Науырзым орта мектебінің 10 сыныбын бітіріп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында «филолог, ұлттық мектептегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, қазақ тілі мұғалімі» мамандығы бойынша оқыды.
Биялаш Балтақызының еңбек жолы 1972 жылы Науырзым орта мектебінде басталып, онда мұғалім, кейін 15 жыл ұйымдастырушы-оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1986 жылдан Науырзым орта мектебінің директоры қызметін атқарды.
1987 жылдан бастап Биялаш Балтақызы Докучаев орта мектебінде қазақ тілі мұғалімі болып жұмыс істеді, оқушылар саны мыңнан асатын мектептің қазақ тілі мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігін басқарды, сондай-ақ аудандық «Жазира» (қазіргі «Наурызым үні») газетінде аудармашы болып жұмыс істеді.
Биялаш Балтақызы 1993 жылдан бастап Рудный педагогикалық колледжінде (қазіргі Ы. Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі) қазақ тілі мен аударма ісінен сабақ берді. Біраз жылын колледж мұражайындағы зерттеу жұмыстарына арнады, танымал түлектер туралы материалдарды зерттеді, естеліктер жинады және көрмелер ұйымдастырды.
Биялаш Балтақызы 2010 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты, бірақ қазіргі уақытта Қостанай педагогикалық колледжінде аудармашы қызметін жалғастыруда. «Қостанай таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі болып табылады, 2000 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Казахский язык и литература в русской школе» республикалық ғылыми-педагогикалық журналының редакциялық алқасының мүшесі.
Сүйінкина Биялаш Балтақызы – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі. Көп жылғы адал еңбегі үшін «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталған.
2013 жылы Биялаш Балтақызы «Қазақ әйелдерінің энциклопедиясына», ал 2017 жылы «Лучшие в образовании» халықаралық энциклопедиясына енгізілді.
Биялаш Балтақызы – Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік стандарты жүйесіндегі көптеген әдістемелік құралдар мен әзірлемелердің авторы. Ол Ы. Алтынсариннің педагогикалық және шығармашылық мұрасын 25 жылдан астам зерттеген ыбырайтанушы ретінде де танымал. 2017 жылы оның «Ы. Алтынсарин – кәсіптік білімнің негізін салушы» кітабы жарық көрді.
Республикалық және облыстық газеттерде жарияланған үш жүзден астам ғылыми мақалалардың авторы. Қостанай меценаттар клубының «Білім» номинациясы бойынша «Қазына» сыйлығының лауреаты, техникалық және кәсіптік білім беру номинациясы бойынша «2013 жылдың үздік педагогы», «2015 жылдың үздік педагогы», «2018 жылдың үздік педагогы» республикалық байқауларының жеңімпазы.
Ол халықаралық, республикалық, өңірлік ғылыми-практикалық конференциялар мен байқауларға тұрақты қатысады. Ы.Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойына арналған мақалалар байқауында 1-ші орынды иеленді, Облыстық «Учительская плюс» газетінің «Инновационная школа» байқауының лауреаты, облыстық «Қостанай таңы» газетінің 2014 жылғы мақалалар байқауының жеңімпазы атанды.
Биялаш Балтақызы – кәсіби білім беру жүйесіне елеулі үлес қосатын және белсенді өмірлік ұстанымы бар педагог, қалалық, облыстық деңгейдегі байқаулардың қазылар алқасының тұрақты мүшесі. Қала мен облыс мұғалімдерінің оқу-әдістемелік құралдарына пікірсарап жазумен айналысады.
Биялаш Балтақызының тірегі – тату отбасы. Жұбайымен бірге қызы Аналинаны, немересі Сезім мен Арыстанды тәрбиелеп өсірді.
#гидқазақстанға #гидпоказахстану