Келушілер арасында сауалнама жүргізу
| Мачнева Светлана Григорьевна 07.03.2024 | Сұхбаттарының бірінде Светлана Григорьевна Мачнева: «Білім мен үшін қашанда ең басты нәрсе болды. Жалпы өмірдегі ең басты нәрсе – білім»,- деген болатын. Оған Білім басқармасын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде – ең қиын уақытта, өтпелі кезеңде басқаруға тура келді. Бұл жауапты лауазымда ол өзін жоғары деңгейлі кәсіби шебер, жауапты және талапшыл басшы ретінде ғана емес, сонымен қатар шынайы патриот ретінде де көрсетті. Білім басқармасының басшысы бола отырып ол өңірдің білім беру жүйесін жақсартуға ықпал ететін жұмыстардың бағыттарын нақты айқындады. Светлана Григорьевна Қостанай облысының білім беру мекемелерінде бірқатар инновацияларға бастамашы болды, қала мен облыстың үздік мектептері қабырғасында шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің жиындарын өткізу идеясын ұсынды, Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск, Кишинев, Донецк, Алматы, Қарағанды қалаларынан атақты жаңашыл педагогтарды шақыра отырып білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру практикасын жаңартуға жан-жақты қолдау көрсетті. Республикада бірінші болып мұғалімдерге арналған «Родник» емдеу-сауықтыру орнының ашылуына бастамашы болды. Светлана Григорьевна білім берудің барлық мансаптық сатысын өтті деуге болады. Бірақ мұның барлығына биік мансапқа деген ұмтылыстың арқасында емес, өзіне тапсырылған жұмысты асқан жауапкершілікпен, өз ісін сүйіспеншілікпен және адал атқарудың нәтижесінде қол жеткізді. Бұл қасиеттер бала кезінен бастап, әсіресе әкесі Григорий Порфирьевич Мачневтің арқасында қалыптасты. Ол өмір бойы басшылық қызметтерде болды: Урицкий ауданындағы ауыл шаруашылығы коммунасының ұйымдастырушысы, Қамысты ауданының «Бестөбе» кеңшарының бірінші директоры, Ұлы Отан соғысы жылдарында Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін Қостанай облысының кеңшарлар тресінің директоры болды. Анасы Лукерья Михайловна үй шаруасындағы әйел болды. Светлана Григорьевна Қостанай қ. №10 орта мектебін бітірді. 1958 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. Екінші курста комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Светлана Григорьевна өзінің еңбек жолын 1962 жылдың 1 қыркүйегінде Қостанай қаласының №5 жұмысшы жастар мектебінде педагогикалық практикада математика мұғалімі болып бастады. Институтты бітіргеннен кейін Урицкий (қазіргі Сарыкөл) ауданының Тагил мектебіне жіберілді. Светлана Мачнева өмірінің жиырма жылын Урицкий ауданына арнады. Жұмыстың әр саласы өмірдің мәніне айналды, жаңа білім берді, тәжірибесін толықтырды, жағдайды түсінуге және алға жылжуға ықпал етті. Жұмысқа берілген және шығармашыл мұғалімнің жетістіктері, оның мектептің жалпы жұмысына, балаларды сапалы оқыту мен тәрбиелеу мәселелеріне көңіл бөлуі назардан тыс қалмады. Сондықтан оның еңбек жолының келесі кезеңі Тимирязев орта мектебінің директоры лауазымы болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1971 жылғы 20 шілдедегі КСРО Ағарту министрлігінің халықтық білім беру қызметкерлерін КСРО ордендерімен және медальдарымен марапаттау туралы жарлығымен Тимирязев сегіз жылдық мектебінің директоры Светлана Григорьевна өзінің ізгі ісі үшін алғашқы жоғары марапатқа – «Құрмет белгісі» орденіне ие болды. 1973 жылы Светлана Григорьевна Урицкий ауданы білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осы қызметте екі жыл жұмыс істегеннен кейін Урицкий аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды және осы жерде тоғыз жыл жұмыс істеді. Алда оны облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімі (1984-86 жж.) және білім басқармасының басшысы (1986-95 жж.) лауазымдары күтіп тұрды. Светлана Григорьевна пікірлестерінің қолдауымен облыстың білім беру жүйесін дамудың жаңа кезеңіне алып шықты. Светлана Григорьевнаның кәсіби біліктілігі, белсенді өмірлік ұстанымы, шығармашылық әлеуеті, орасан зор практикалық тәжірибесі, ғылымға деген құштарлығы және өз білімін бере білу қабілеті көптеген педагогтар мен оқу ұйымдарының қызығушылығын тудырды. Ол он үш жылын Қостанай педагогикалық колледжінде жұмыс істеуге арнады. Өзіне тән ынта-жігермен, сеніммен және шығармашылық шабытпен ол колледж ұжымын ғылыми-зерттеу жұмыстарына және болашақ мұғалімдерді даярлау сапасын арттыруға бағыттай білді. Светлана Григорьевна «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Қостанай филиалының қоғаммен байланыс және баспа жұмысы бөлімінде мұғалімдерге ұстаздық етті. Ол облыстық теледидар редакцияларымен, Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-педагогикалық журналдарының редакциялық кеңестерімен, филиалдың оқытушылары мен мамандарының мақалалары жарияланып тұрған республикалық және облыстық газеттермен іскерлік қарым-қатынас орната білді. Ол «Вестник Өрлеу-kst» ғылыми журналын (кейін «Педагогическая наука и практика» деп өзгертілді) өзі редакциялады, ғылыммен белсенді айналысып, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мәселелері бойынша мақалалар жазды, облыстың білім беру жүйесінің танымал педагогтары, ұйымдастырушылары туралы мақалалар жинағын шығаруға бастамашы болды және ықпал етті. Соңғы жылдары Светлана Григорьевна Қостанай жоғары политехникалық колледжінің әдіскері болып жұмыс істеді. Өзінің адал еңбегі үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен, «КСРО ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» құрмет белгілерімен, «Ы. Алтынсарин», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, Қостанай облыстық атқару комитетінің, Қостанай облыстық мәслихатының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталды. 2007 жылы оған Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының құрметті мүшесі атағы берілді. Ал 2021 жылдың 21 маусымында Светлана Григорьевнаға Қостанай облысының құрметті азаматы атағы берілді. Жұбайы Александр Николаевичпен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлы Олег – облысымыздың танымал хирург-онкологы. Екінші ұлы Игорь – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, қазіргі уақытта Омбы мемлекеттік университетінің агрохимия кафедрасының меңгерушісі. Светлана Григорьевнаның отбасында төрт немере және бес шөбере бар. Светлана Григорьевна олардың бойына отбасылық құндылықтарды: адалдықты, еңбекқорлықты, парасаттылық пен мақсаткерлікті, өз өлкесіне деген сүйіспеншілікті, отаншылдықты сіңіре білді. Светлана Григорьевнаға арналып 2016 жылы «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қостанай облысы бойынша ПҚ БАИ филиалында шығарылған «Педагогика жизни» кітабының алғы сөзінде: «Светлана Григорьевна Мачнева туралы – жаратылысынан шығармашыл педагог, жаңашыл директор, табысты ұйымдастырушы-басшы туралы педагогикалық поэма жазуға болады... Біз үшін, замандастары мен әріптестері үшін Светлана Григорьевна қазақстандық білім беруді, отаншылдықты, сенімділікті дамыту жолындағы жұмыстың үздік үлгісі болып табылады» делінген. Бұл шынымен де солай. #гидқазақстанға #гидпоказахстану | | | Кері қарай |
Комментарии ()
Авторизуйтесь на сайте для комментирования. |
Қате көрсеңіз оны бөлектеңіз де, "CTRL+Enter" басыңыз
|