8 ақпанда Өлкетану әдебиеттері бөлімі Жәнібек Қошқарұлы Шақшақтың 330 жылдығына, Амангелді Үдербайұлы Имановтың 150 жылдығына және Спандияр Көбеевтің 145 жылдығына арналған «Дархан даланың дара перзенттері» атты кітап көрмесінің салтанатты тұсаукесерін өткізді.
Тұсаукесерге көрмеге қызығушылық танытқан кісілер жиналды. Іс-шараны А. А. Темірбекова жетекшілік ететін «Жұлдыз» домбыра студиясы ашты. Кітапханашылар қатысушыларды көркем шығармалар, тақырыптық папкалар, замандастарының естеліктері, журналдар мен газеттерден алынған ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалар қойылған көрме бөлімдерімен таныстырды. Бұл көрнекті жерлестеріміздің тұлғалық қасиеттері мен атқарған еңбектері жайында толығырақ білуге мүмкіндік берді. Сабыржан Шүкірұлының шынайы тарихи деректердің негізінде жазылған «Шақшақ Жәнібек» атты тарихи романы жиналғандардың ерекше қызығушылығын тудырды. «Батырдың биік тұлғасы. Светлый образ батыра» кітабында Амангелді Иманов бұрын белгісіз болып келген қырларынан танылды. Қазақ әдебиетіндегі алғашқы «Қалың мал» романында Спандияр Көбеев қазақ әйелінің аянышты өмірі, ауыл кедейлерінің езгісі туралы баяндайды, ескірген әдет-ғұрыпты сынайды.