Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2021-2022 жылдар аралығында «Қолма-қол ақшаны пайдаланудың орта мерзімді перспективалары» аталатын қоғамдық зерттеу жұмысын жүргізді. Шара барысында сұхбаткерлердің 38,6%-ы жалған банкнотты ажырата алмайтындығы, сонымен қатар олардың 57,7%-ы банкноттардың түпнұсқалығына және оларды тексеруге назар аудармайтындығы анықталды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық валютаның – теңгенің 30 жылдығы шеңберінде халық арасында ұлттық валютаның – теңге банкноттарындағы негізгі қорғаныс элементтері туралы хабардарлықты арттыру және жалған ақша жасаушылықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргізеді. Осы жұмыс аясында теңгенің қорғаныш элементтері туралы анимациялық бейнероликтер дайындалды.