13 желтоқсанда Абонементтер бөлімі Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, А.Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, Ұлы Отан соғысының ардагері, журналист, көсемсөзші, әдебиеттанушы Әзілхан Нұршайықовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қаламы ерен қаламгер еді» атты портрет кешін өткізді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ тілдер және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі К. К. Есіркепова А. Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылық қызметі туралы айтып беріп, оның қазақ прозасында деректі материалдарды қолдануды енгізгенін атап өтті. Қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан әйгілі шығармаларына тоқталды. «Қостанай таңы» газетінің аға редакторы А. К. Ибраев Ә. Нұршайықовтың журналист ретінде жемісті еңбек еткені туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Майдангер жазушы жайында, оның Ұлы Отан соғысына арналған көптеген шығармалары мен Ардагерлерді еске алу қорының құрылуы туралы Н. Ерденқызы айтып берді.
І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Әсем Ищанова мен «Таған» театрының әртісі Ғабит Қызыровтың Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы бойынша қойған сахналық көрінісі кештің қонақтары мен көрермендері үшін естен кетпес оқиға болды.