Сирек кітаптар мұражайы белгілі ақын, жазушы, публицист, орыс әдебиетінің классигі Николай Алексеевич Некрасовтың 200 жылдығына арналған «Жырын жұртына арнаған жыршы» атты кітап көрмесін безендірді. Ол қазіргі оқырмандарға Ресейдің қара халыққа ең жақын ақыны ретінде танымал. Некрасов алғашқылардың бірі болып басыбайлы шаруаның трагедиясы туралы жұртқа жар салып, орыс шаруаларының рухани әлемін зерттеді.
Көрмеге оның бірегей басылымдары: портреті, қолжазбалары мен өмірбаяндық очерктері енгізілген шығармаларының 2 томдық толық жинағы (1886 ж.), шығармаларының 2 томдық толық жинағының 2-ші томы (1905 ж.), шығармаларының 2 томдық толық жинағының 1-ші томы (1909 ж.) қойылған. Аталған кітаптарға оның «Кому на Руси жить хорошо», «Мороз, Красный нос», «Русские женщины» поэмалары, «Крестьянские дети», «Забытая деревня», «Железная дорога», «Размышления у парадного подъезда», «Поэт и гражданин» өлеңдері секілді атақты шығармалары енген.
Николай Алексеевич Некрасовтың шығармалары орыс әдебиетінің барлық білгірлері мен әуесқойлары үшін баға жетпес сыйлық екені даусыз. Қостанайлықтарды көрме материалдарымен танысуға шақырамыз. |