Биыл Қостанай облысына 85 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында өлкетану әдебиеттері бөлімі «Құт қонған Қостанай жері» атты безендірілмелі кітап көрмесінің салтанатты тұсаукесерін өткізді. Көрмеге Қостанай облысы мен Қостанай қаласы туралы тарихи мәліметтер жарияланған бірегей материалдар қойылды. Олардың ішінде 1959 жылы жарық көрген В. Г. Малехоньков пен З. П. Толстыхтың «Возникновение города Кустаная» кітабы, 2 бөлімнен тұратын «Кустанай: вчера, сегодня, завтра», «Костанайская область: прошлое и настоящее» және т.б. бағалы басылымдар бар. 1945, 1947 жж. «Большевиктік жолы», 1950, 1955 жж. «Сталинский путь», 1954 ж. «Коммунизм жолы» секілді жергілікті газеттердің мақалалары да оқырмандардың қызығушылығын тудырады. Экспозиция XX ғасырдың 50-70 жылдарындағы Қостанайдың ескі ғимараттары, көшелері, ескерткіштері бейнеленген фотоқұжаттарға бай.
Тарих ғылымдарының докторлары, А. Байтұрсынов ат. Қостанай өңірлік университетінің профессорлары Аманжол Күзембайұлы және Дмитрий Максимович Легкий, тарих ғылымдарының кандидаты, Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының профессоры Сергей Владимирович Самаркин, ҰҚК органдарының ардагері, жазушы-өлкетанушы, ақын Александр Васильевич Каратаев секілді белгілі ғалым-тарихшылар іс-шараның қонақтары болды. Шараға жиналғандарды Л. Н. Толстой ат. ОӘҒК басшысы Дариха Төребайқызы Дүйсебаева құттықтап, сөз сөйледі.
Қонақтардың қызықты, әсерлі баяндамалары, көлемді кітап көрмесі, сондай-ақ Наталья Пикулеваның орындауындағы әндер ешкімді бейжай қалдырмады.
Барлық тілек білдірушілерді біздің көрмемізді көруге және алыста қалған жылдардың ахуалын сезінуге шақырамыз! |